Мектеп тарихы

Киелі өлке, тектілердің тал бесігі, құдіретті Маңғыстаудың талантты перзенті, біртуар азамат, тарихшы, мифолог, зерттеуші ғылым С. Қондыбай атындағы №22 жалпы білім беретін  орта мектеп 22 шағын ауданда орналасқан. Мектеп 2006 жылы 960 орындық оқушыға арналып ашылды, сонымен бірге мектепте 25 балаға арналған шағын орталық бар.

№22 орта мектеп ҚР Мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімов, ҚР Сенатының депутаты Ә.Кекілбаев, Маңғыстау облысының әкімі К.Көшербаев және С.Қондыбайдың анасы Тәрбие Өскінбайқызы, облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен ашылды. Жаңа мектептің ашылуына байланысты мектеп директоры Берді Қазиев мырзаға мектептің кілті табыс етіліп, болашақта осы мектепке С.Қондыбай аты берілетіндігі туралы ұсыныс жасалды. 

Мектептің ашылуына байланысты мектеп алдында Маңғыстаулық ғылым С.Қондыбайдың мүсіні қойылып, ғалымның құрметіне мұражай ашылды. Мұражайда ғылымның еңбектері: «Арғы қазақ мифологиясы» Алматы 2004 ж. 4 томдық, «Маңғыстаунама» Алматы 2006ж. , «Қазақ мифологиясы кіріспе» Алматы «Арыс» 2005ж. , «Казахская мифология» Алматы «Нұрлы әлем» 2005ж., «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» Алматы «Үш қиян» 2002ж., «Жауынгерлік рух кітабы» Алматы «Нұрлы әлем» 2006 ж. және С.Қондыбайдың өз қолымен жазған қолжазбалары , оның өз тұрған уйінен әкелінген экспонаттар: компьютер, радио, мүгедек қоларбасы, қаламсап, қолкітапша т.б. бар. Сонымен бірге С.Қондыбайдың еңбектеріне байланысты маңғыстаулық суретші Абланова Жұмагулдің «Серікбол әлемі бейнелеу өнерінде» тақырыбында салған бірнеше картиналары бар. Мектебімізде мереке күндері және С.Қондыбай туған күніне байланысты ұйымдастырылған мектепшілік шаралар С.Қондыбай мүсіні алдында өткізіліп тұрады. 

2008 жылдың наурызында С.Қондыбайдың 40 жасқа толуына байланысты қалалық «Ұлы дала рухының жаршысы» атты ғылыми конференция өткізілді. Конференцияға С.Қондыбай еңбегін зерттеп жүрген А.Еділханов, Б.Ақбердиева, М.Ақмырзаев, Ж.Дүйсенбаева сияқты өлкетанушы ғылымдар, әйгілі суретші Ж.Абланова, С.Қондыбайдың анасы, апасы Б.Қондыбаева т.б. тумаластары және қала мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Конференцияда мектеп оқушылары С.Қондыбай өмірінен сахналандырылған көрініс қойып жас шеберлер Избаева Болар апайдың жетекшілігімен «Серікбол әлемі-шеберлер көзімен» атты көрме ұйымдастырды. Конференцияның келесі бөлімі Серікбол еңбектерін зерттеуші жас дарындылар тобы өздерінің С.Қондыбайдың еңбектерін зерттеу жұмыстарымен таныстырды. Облыстық ғылыми конференция Б.Қазиев, С.Уразбаевалардың басшылығымен жоғары деңгейде өтті. Мектебіміздің ұстаздары Ж.Қобланов, З.Аймағанбетова, Ж.Батырова оқушыларды ғалымның шығармаларымен таныстыруда зор үлес қосып жүрген шығармашыл ұстаздар.

№22 орта мектепте жыл сайын С.Қондыбай шығармашылығын жас ұрпаққа таныстыру мақсатында тәрбие сағаттары, сынып сағаттары, диспуттар т.б. түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мектептің жас ақындарының С.Қондыбайға арнап шығарған өлеңдер жинағы шығарылып, газет бетіне жарияланды. Мектебіміздің әрбір сыныбында С.Қондыбай өмірі мен шығармашылығына байланысты буклеттер, рефераттар, кітапшалар жинақталған, ал кіреберіс залда С.Қондыбай өмірі, еңбектері, ұлағатты сөздері жинақталған көрме стенд бар. Мектебімізде география және тарих сабақтарында тақырыпқа байланысты С.Қондыбай деректерін, монографиясын, мысалы: география сабағында С.Қондыбайдың «Маңғыстау географиясы»  кітабын пайдаланады. 

Мектептің дарынды оқушылары С.Қондыбай шығармашылығын зерттеумен айналысып қалалық сайыстарға, ғылыми конференцияларға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Мысалы: А.Хажғалиева, А.Е. Хасанов, Ұ.Қалпыш, З.Оспанова, А.Қыдырбаева, Н.Қобланов, т.б. мектебіміздегі С.Қондыбай музейіне облысымыздың әр түкпірінен оқушылар келіп музей экспонаттарымен танысып тұрады. Мысалы: Республикалық олимпиадаға келген Ақтөбелік оқушылар да келіп, С.Қондыбай өмірімен танысып музейге өз қолтаңбаларын қалдырды. 

2010 жылы біздің мектебімізге Республикалық  «Ел арна» «Хабар» телеарналарынан журналистер келіп, С.Қондыбай туралы деректер іздеп, оның шығармашылығымен айналысатын оқушылардан сұқбат алып, мектеп оқушыларына тілектерін айтып, мұражайға өз қолтаңбаларын қалдырды. Мұражайға келушілерге арналған кесте қойылған, сәрсенбі, бейсенбі күндері аптасына 2 рет қызығып немесе зерттеушілік мақсатпен келгендерге есігі ашық болады. Облысымыздың түкпір- түкпірінен зерттеушілік мақсатта келуші оқушыларда аз емес, бұл бізді үнемі қуантып отырады.

2012 жылдың  қарашасында мектебімізде өлкеміздің атақты зерттеуші ғалымдар А.Еділханұлы, Б.Ақбердиева, М.Ақмырзаевтар, С.Айтуарлардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

2013 жылы Серікболдың 45 жасын атап өту мақсатында облыстық «Үздік сабақ» байқауы да біздің мектебімізде өткізілді. Бұл байқауға облысымыздың түкпір-түкпірінен ұстаздар келіп, Серікбол шығармаларын жас ұрпаққа таныту мақсатында ашық сабақтар жүргізіп жаңа педагогикалық технологиялардың әдіс-тәсілдерін шеберлікпен көрсете білді. Биыл біздің мектебіміз мұражайдың танымдық әлеуетін жетілдіру мақсатында «Серікбол және отбасы», «Ғылымның шығармашылығы», «Серікболтану: кеше, бүгін, ертең» тақырыптарына банерлер дайындап, мұражайдың қорын молайтты. Мұражай бөлмесінің тарлығына байланысты үлкен бөлмеге көшіріліп, мұражайды жаңарту жоспарлануда.

2016 жылы «Қазақ фильм» киностудиясының шығармашылық тобы біздің мектебімізге келіп, А.Тілекбаеваның Серікболтану шығармашылығы бойынша зерттеу сабағын түсіріп, оқушылардан сұқбат алып, музейде серікболтанушы Б.Ақбердиевамен кездесіп, деректі фильмге материалдар жинақтап алды.

2016 жылы облыстық «Дарын» орталығының «Серікбол әлемі» тақырыбында интеллектуалды сайысы біздің мектебімізде жүргізілді.Оқушыларға арналған интеллектуалды сайыстың «Серікболтану» бөлімі бойынша І орынды №22 мектеп иеленді. Серікболтану музейі 2017 жылы қалалық «Үздік музей» сайысында ІІІ орын алды

2018 жылдың қаңтарынан 3 бағытта факультатив сабақтары енгізілді. 5-6 сыныптарға «Серікболтану тарихи линвистика әлемінде» тақырыбында факультатив сабақты А.Тілекбаева жүргізеді. 7-8 сыныптарда «С.Қондыбай шығармаларындағы лингвистикалық география» факультативін жоғары санатты география пәнінің мұғалімі Ж.Сағитжанова, ал 9-10 сыныптарға «Мифологиялық лингвистика» тақырыбындағы факультативін Ш.Есенов атындағы университеттен ф.ғ.к Б.Ақбердиева өткізеді. 

Жарияланған күні: 19-01-2018  

Соңғы жаңалықтар

Yessenov University

...

13 қараша 2019
Томирис

...

02 қараша 2019